Қолданыстағы редакция: 01.07.2026ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ КодексіРесми мәтін ↗
Ерекше бөлік7-бөлім · 50-тарау

500-бап. Қосымша шот-фактураны жазып беру

Бап мәтіні

1

Қосымша шот-фактураны өнім беруші:

1) осы Кодекстің 464-бабына сәйкес айналым мөлшері түзетілген;

2) осы Кодекстің 213-бабының талаптары сақталмаған жағдайларда жазып береді.

2

Қосымша шот-фактура:

1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес келуге;

2) мына ақпаратты: шот-фактура қосымша болып табылатыны туралы белгіні; қосымша шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін; қосымша шот-фактура жазып берілетін шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін; айналым мөлшері өзгертілген жағдайда, оны түзету сомасын; қосылған құн салығы өзгертілген жағдайда, оны түзету сомасын; электрондық нысанда жазып берілген кезде айналым мөлшерін түзету сомасына айналым жасалған күнді; осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда, "Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 213-бабын сақтамау" деген белгіні қамтуға тиіс.

3

Қағаз жеткізгіште жазып берілген қосымша шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы растаулардың бірінің:

1) осы Кодекстің 492-бабының 6-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны қолтаңбаларымен және мөрімен растауының;

2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырысты хатпен жіберуі және оның алынғаны туралы хабарламаның болуы;

3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының қол қойылған және: заңды тұлғалар үшін – егер осы тұлғада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөр болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген; дара кәсіпкерлер үшін – мөрі болған кезде, тегі, аты және әкесінің аты және (немесе) атауы қамтылған мөр басылған осындай шот-фактураны алғандығы туралы хаты болуы міндетті.

4

Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы электрондық нысанда жазып берілген қосымша шот-фактура бойынша:

1) егер осындай қосымша шот-фактураны алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылса – осындай шот-фактураның жазып берілгенін растауға немесе келіспеген жағдайда қабылдамауға міндетті. Бұл ретте осындай шот-фактураны алушыдан растау болған кезде шот-фактура жазып берілген болып есептеледі;

2) егер қосымша шот-фактураны алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса – қосымша шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осындай шот-фактураның жазып берілуін қабылдамауға құқылы. Егер осындай қабылдамау осы тармақшада көрсетілген мерзім ішінде жүргізілмесе, онда шот-фактура тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы растаған болып есептеледі. Бұл ретте алушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге осындай қосымша шот-фактураны кері қайтарып алу талабымен жүгінуге құқылы.

Менің жазбаларым

Жазбаларды тек сіз көресіз. Әзірге олар осы браузерде сақталады.

Ақпарат мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz). Мәтін редакциясы: 01.07.2026.

Бухгалтерге арналған түсініктеме · Buhpracticum

Осы баптың практикалық талдауын — не өзгерді, кімге қатысты және 1С-те не істеу керек — Buhpracticum курстарында қарастырамыз.

Курста толығырақ

Ақпарат көзі: баптардың мәтіндері мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz) — ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Кодексі, 01.07.2026 редакциясы. Buhpracticum сайты ресми жариялау көзі болып табылмайды. Заңды маңызы бар әрекеттер үшін ресми мәтінмен салыстырыңыз.

Бухгалтерге арналған түсініктемелер мен безендіру — © Buhpracticum.