Қолданыстағы редакция: 01.07.2026ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ КодексіРесми мәтін ↗
Ерекше бөлік7-бөлім · 51-тарауМысал бар

503-бап. Қосылған құн салығының мөлшерлемелері

Тәжірибедегі мысал

ҚҚС 16% «үстінен» және «баға ішінде»

Тауардың ҚҚС-сыз бағасы — 1 000 000 ₸. 16% мөлшерлеме бойынша ҚҚС: 1 000 000 × 16% = 160 000 ₸, төлеуге 1 160 000 ₸. Егер баға ҚҚС-пен көрсетілсе, мысалы 580 000 ₸, ҚҚС былай бөлінеді: 580 000 × 16 / 116 = 80 000 ₸, ҚҚС-сыз баға — 500 000 ₸.

Шартты сандармен берілген Buhpracticum оқу мысалы. Мөлшерлемелер мен мерзімдер — бап мәтіні бойынша; есептеу алдында қолданыстағы АЕК пен өңіріңіздегі мәслихат шешімдерін тексеріңіз.

Бап мәтіні

1

Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды және салық салынатын айналым мен салық салынатын импорт мөлшеріне қолданылады.

2

Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 5 пайызды, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10 пайызды құрайды және:

1) мыналарды: осы Кодекстің 474-бабының 28) тармақшасында және осы Кодекстің 479-бабының 1-тармағының 17) тармақшасында көзделген тауарларды қоспағанда, дәрілік заттарды; Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес медициналық бұйымдарды, жиынтықтауыш медициналық бұйымдарды, сондай-ақ техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарды өткізу бойынша салық салынатын айналымның және импорттың мөлшеріне қолданылады. Дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, жиынтықтауыш медициналық бұйымдардың, сондай-ақ техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың тізбесін Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;

2) медициналық қызметке арналған лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектісі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық, оның ішінде кешенді түрде көрсетілетін қызметтерді өткізуі бойынша салық салынатын айналымның мөлшеріне қолданылады. Осы тармақшаның ережелері осы Кодекстің 474-бабының 28) тармақшасында көзделген медициналық көрсетілетін қызметтер бойынша қолданылмайды.

3

Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10 пайызды құрайды және отандық мерзімді баспасөз басылымдарын өткізу бойынша айналым мөлшеріне қолданылады.

4

Осы Кодекстің 47-тарауында көрсетілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарға нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы салынады. Осы Кодекстің 47-тарауына сәйкес нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым расталмаған жағдайда, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша көрсетілген айналымға осы баптың 1-тармағында көрсетілген мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы салынуға тиіс. Кедендік баждардың, салықтардың, сондай-ақ жиынтық кедендік төлемнің бірыңғай мөлшерлемелерін төлеу мөлшерлері мен тәртібі ЕАЭО-ның кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленеді.

5

Тұлғаны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған кезде осы Кодекстің 461-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалатын салық салынатын айналым мөлшеріне қосылған құн салығының:

1) қорлар бойынша – тұлғаны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған күні қолданыста болған;

2) негізгі құралдар, материалдық емес және биологиялық активтер, жылжымайтын мүлікке инвестициялар бойынша – оларды сатып алған күні қолданыста болған мөлшерлемесі қолданылады.

Менің жазбаларым

Жазбаларды тек сіз көресіз. Әзірге олар осы браузерде сақталады.

Ақпарат мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz). Мәтін редакциясы: 01.07.2026.

Бухгалтерге арналған түсініктеме · Buhpracticum

Осы баптың практикалық талдауын — не өзгерді, кімге қатысты және 1С-те не істеу керек — Buhpracticum курстарында қарастырамыз.

Курста толығырақ

Ақпарат көзі: баптардың мәтіндері мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz) — ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Кодексі, 01.07.2026 редакциясы. Buhpracticum сайты ресми жариялау көзі болып табылмайды. Заңды маңызы бар әрекеттер үшін ресми мәтінмен салыстырыңыз.

Бухгалтерге арналған түсініктемелер мен безендіру — © Buhpracticum.