Қолданыстағы редакция: 01.07.2026ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ КодексіРесми мәтін ↗
Ерекше бөлік15-бөлім · 73-тарау

690-бап. Қазақстан Республикасында тіркелген тұрақты мекемесі болған кезде бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы кірістеріне салық салу тәртібі

Бап мәтіні

1

Салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаға мынадай:

1) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетін;

2) бейрезидент-заңды тұлғаның басқа мемлекеттердегі құрылымдық бөлімшелері алатын кірістерді қоса алғанда, осы бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі арқылы жүзеге асырылатын қызметімен біртектес немесе ұқсас қызметті Қазақстан Республикасында жүзеге асыру кезінде алатын;

3) Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде Қазақстан Республикасындағы өзінің тұрақты мекемесімен бірлесіп бір жоба және (немесе) байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан түсетін кірістерді төлеу кезінде корпоративтік табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және аударуды 20 пайыз мөлшерлеме бойынша шегерімдерді жүзеге асырмай жүргізеді. Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі мынадай шарттарды бір мезгілде орындаған кезде қолданылады:

1) бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесімен немесе оның тұрақты мекемесімен филиал, өкілдік ашпай жасалған келісімшарттың болмауы;

2) бейрезидент-заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі не филиал, өкілдік ашпай оның тұрақты мекемесі жазып берген өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактураның болмауы.

2

Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға:

1) Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің жиынтық жылдық кірісіне ретроспективті тәртіппен осы баптың 1-тармағында көрсетілген кірістерді, егер осындай кірістер тұрақты мекеменің қызметіне байланысты болса енгізеді;

2) осы Кодекстің 688 және 689-баптарына сәйкес корпоративтік табыс салығын есептейді;

3) көрсетілген кірістерді енгізе отырып, осындай тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсынады;

4) тұрақты мекеме есептеген салықтың сомасын осы тармаққа сәйкес осындай бейрезидент-заңды тұлғаның кірістерінен төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығының сомасына азайтады (есепке жатқызады). Корпоративтік табыс салығын азайту салық агентінің салықты ұсталғанын растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі. Салық агенті ұсталған корпоративтік табыс салығының сомасы мен Қазақстан Республикасындағы бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі есептеген корпоративтік табыс салығының сомасы арасындағы оң айырма талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде келесі салықтық кезеңдерге ауыстырылады.

3

Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген кірістер тұрақты мекеменің қызметімен байланысты болмаса, бейрезидент осы Кодексте айқындалған тәртіппен бюджеттен ұсталған корпоративтік табыс салығын қайтару бөлігінде халықаралық шарттың ережесін қолдануға құқылы.

Менің жазбаларым

Жазбаларды тек сіз көресіз. Әзірге олар осы браузерде сақталады.

Ақпарат мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz). Мәтін редакциясы: 01.07.2026.

Бухгалтерге арналған түсініктеме · Buhpracticum

Осы баптың практикалық талдауын — не өзгерді, кімге қатысты және 1С-те не істеу керек — Buhpracticum курстарында қарастырамыз.

Курста толығырақ

Ақпарат көзі: баптардың мәтіндері мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz) — ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Кодексі, 01.07.2026 редакциясы. Buhpracticum сайты ресми жариялау көзі болып табылмайды. Заңды маңызы бар әрекеттер үшін ресми мәтінмен салыстырыңыз.

Бухгалтерге арналған түсініктемелер мен безендіру — © Buhpracticum.