11-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жеріне байланысты ұғымдар
Бап мәтіні
Салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жері (бұдан әрі – тұрған жері) деп салық төлеуші (салық агенті) жатқызылған субъектінің санаттарына байланысты мынадай жерлер танылады:
1) жеке тұлғаның тұрғылықты жері – Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес азаматтың тіркелген жері;
2) Қазақстан Республикасында тіркелген жері жоқ, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматының тұрғылықты жері – Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес азаматтың Қазақстан Республикасында соңғы тіркелген жері;
3) дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның тұрған жері – Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген, олардың қызметі басым түрде жүзеге асырылатын жер;
4) резидент-заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің тұрған жері – Қазақстан Республикасында тіркелу кезінде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген, оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері;
5) қызметін құрылымдық бөлімше ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның тұрған жері – Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген, қызметті Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын жер;
6) тиімді басқару орны Қазақстан Республикасында орналасқан, шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаның тұрған жері – Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген және басқару органының тиісті хаттамасында көрсетілген, директорлар кеңесінің жиналысы немесе осыған ұқсас басқару органы айқындаған Қазақстан Республикасындағы нақты басқару органының тұрған жері;
7) шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның болатын жері – Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген, шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның уақытша болатын жері;
8) Қазақстан Республикасында болмайтын, салық агенті болып табылмайтын адамнан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерден жеке табыс салығын төлеу бойынша салықтық міндеттемесі туындайтын шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның болатын жері – Қазақстан Республикасындағы көздерден осындай шетел азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға кіріс төлейтін адамның тұрғылықты (тұрған) жері.
Менің жазбаларым
Жазбаларды тек сіз көресіз. Әзірге олар осы браузерде сақталады.
Ақпарат мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz). Мәтін редакциясы: 01.07.2026.
Бухгалтерге арналған түсініктеме · Buhpracticum
Осы баптың практикалық талдауын — не өзгерді, кімге қатысты және 1С-те не істеу керек — Buhpracticum курстарында қарастырамыз.