84-бап. Салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету
Бап мәтіні
Салық органы осы Кодексте айқындалған жағдайларда салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін (бұдан әрі – қамтамасыз ету тәсілі) қолданады.
Қамтамасыз ету тәсілдері – салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемені тиісінше орындауын ынталандыратын мүліктік және (немесе) шектеу сипатындағы шаралар.
Мыналар қамтамасыз ету тәсілдері болып табылады:
1) өсімпұлдарды есепке жазу;
2) шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) мүлікке билік етуді шектеу;
4) электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру;
5) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компанияның интернет-ресурстарына және (немесе) интернет-алаңына қолжетімділікті шектеу (бұдан әрі – интернет-ресурстарға және (немесе) интернет алаңға қолжетімділікті шектеу).
Осы баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген қамтамасыз ету тәсілдерінің:
1) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген сомалар бөлігінде салық төлеушіні банкрот деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
2) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген сомалар бөлігінде оңалту рәсімінің жоспарын бекіту туралы келісімді сот бекіткен күннен бастап;
3) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге енгізілген сомалар бөлігінде осындай келісімді бекіту туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
4) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалын, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап;
5) екінші деңгейдегі банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
6) осы Кодекстің 86-бабының 7-тармағында және 87-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда күші жойылуға тиіс.
Осы баптың 3-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану:
1) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға уәкілетті органға шағым жасалған жағдайда: уәкілетті орган шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығарғанға дейін; шағымды қарау нәтижелері бойынша қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарылған сәттен бастап он бес жұмыс күніне;
2) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға сотқа шағым жасалған жағдайда шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
Менің жазбаларым
Жазбаларды тек сіз көресіз. Әзірге олар осы браузерде сақталады.
Ақпарат мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz). Мәтін редакциясы: 01.07.2026.
Бухгалтерге арналған түсініктеме · Buhpracticum
Осы баптың практикалық талдауын — не өзгерді, кімге қатысты және 1С-те не істеу керек — Buhpracticum курстарында қарастырамыз.