Қолданыстағы редакция: 01.07.2026ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ КодексіРесми мәтін ↗
Жалпы бөлік3-бөлім · 7-тарау

107-бап. Салықтық тіркеу тәртібінің сақталуына мониторинг жүргізу тәртібі

Бап мәтіні

1

Салық төлеуші туралы мәліметтерді зерделеу және талдау нәтижелері бойынша осы Кодекстің талаптарын бұзу белгілері анықталған жағдайда салық төлеушіге салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарлама (бұдан әрі осы баптың мақсатында – хабарлама) ұсынылады. Қызметін Қазақстан Республикасында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компанияға хабарлама ұсынылған кезде салық органы Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен Қазақстан Республикасының халқын мұндай компанияның хабарламаны орындамауының салдары туралы хабардар етеді.

2

Салық төлеуші:

1) хабарламамен келіскен жағдайда хабарламада көрсетілген салықтық тіркелу туралы талапты орындайды;

2) хабарламамен келіспеген жағдайда осындай келіспеушілігін негіздей отырып, түсініктеме (бұдан әрі осы баптың мақсатында – түсініктеме) береді.

3

Түсініктеме еркін нысанда ұсынылады және мыналарды:

1) хабарламаны жіберген салық төлеушінің және салық органының сәйкестендіру деректерін;

2) хабарламаның күні мен нөмірін;

3) хабарламамен келіспеуінің негіздемесін қамтуға тиіс. Салық төлеуші өзінің негіздемесін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса беруге құқылы. Хабарламаны түсініктеме беру арқылы орындау кезінде хабарламада көрсетілген бұзушылықтарға жатпайтын құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

4

Ұсынылған түсініктемеде негіздеме болмаған және (немесе) негіздеме құжаттармен расталмаған жағдайда, хабарлама орындалмаған деп танылады.

5

Салық органы түсініктеме келіп түскен күннен кейінгі жиырма жұмыс күні ішінде, осы баптың 4-тармағында көрсетілген жағдайларда хабарламаны орындалмаған деп тану туралы шешім шығарады. Хабарламаны орындалмаған деп тану туралы шешім (бұдан әрі осы баптың мақсатында – шешім) салық төлеушіге осындай шешім шығарылған күннен кейінгі екі жұмыс күні ішінде беріледі.

6

Қызметін Қазақстан Республикасында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компанияны қоспағанда, орындалмаған деп танылған хабарлама бойынша салық төлеушіге салықтық тексеру жүргізіледі.

7

Салық органы хабарламаны осы Кодексте белгіленген мерзімде:

1) қызметін Қазақстан Республикасында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компанияны қоспағанда, салық төлеуші орындамаған кезде – хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешім шығарады;

2) қызметін Қазақстан Республикасында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компания орындамаған кезде – хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде осындай компанияның интернет-ресурстарына және (немесе) интернет-алаңына қолжетімділікті шектеу туралы шешім шығарады. Егер көрсетілген бөлікте өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген қамтамасыз ету тәсілдері осы Кодекстің 5-тарауының 4-параграфында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қолданылады.

Менің жазбаларым

Жазбаларды тек сіз көресіз. Әзірге олар осы браузерде сақталады.

Ақпарат мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz). Мәтін редакциясы: 01.07.2026.

Бухгалтерге арналған түсініктеме · Buhpracticum

Осы баптың практикалық талдауын — не өзгерді, кімге қатысты және 1С-те не істеу керек — Buhpracticum курстарында қарастырамыз.

Курста толығырақ

Ақпарат көзі: баптардың мәтіндері мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz) — ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Кодексі, 01.07.2026 редакциясы. Buhpracticum сайты ресми жариялау көзі болып табылмайды. Заңды маңызы бар әрекеттер үшін ресми мәтінмен салыстырыңыз.

Бухгалтерге арналған түсініктемелер мен безендіру — © Buhpracticum.