Қолданыстағы редакция: 01.07.2026ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ КодексіРесми мәтін ↗
Жалпы бөлік3-бөлім · 8-тарау

111-бап. Бақылау-касса машинасын қолдану

Бап мәтіні

1

Бақылау-касса машинасын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:

1) ақшалай есеп айырысуларға байланысты қызмет басталғанға дейін бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою жүзеге асырылады;

2) өткізілген тауар, орындалған жұмыс, көрсетiлген қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады;

3) бақылау-касса машинасына салық органдары лауазымды адамдарының қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.

2

Бақылау-касса машинасын қолдану:

1) бақылау-касса машинасының моделін кассалық машиналар тізіліміне енгізуді;

2) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қоюды;

3) бақылау-касса машинасы чегінің мазмұнына қойылатын талаптарды сақтауды;

4) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасындағы мәліметтерді өзгертуді;

5) салық органында бақылау-касса машинасын есептен шығаруды;

6) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан мәліметтерді қабылдауды, сақтауды, сондай-ақ оларды салық органдарына беруді көздейді. Бақылау-касса машинасын қолдану тәртібін және бақылау-касса машинасы чегінің мазмұнына қойылатын талаптардың тізбесін уәкілетті орган белгілейді.

3

Техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары пайдаланылатын жерiндегі салық органдарына есепке қоюға жатады. Бақылау-касса машинасын есепке қоюды, тіркеу карточкасының мәліметтерін өзгертуді және бақылау-касса машинасын есептен шығаруды салық органы мынадай негіздердің бірі:

1) деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасы бойынша – фискалдық деректер операторының мәліметтері;

2) деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасы бойынша – бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш бойынша жүзеге асырады.

4

Бақылау-касса машинасын салық органында есептен шығару:

1) сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүргізілетін ақшалай есеп айырысуларға байланысты қызметті жүзеге асыру тоқтатылған;

2) салық төлеуші таратылған, қайта ұйымдастырылған және оның қызметі тоқтатылған;

3) бақылау-касса машинасын техникалық ақауының болуына байланысты одан әрі қолдану мүмкін болмаған;

4) бақылау-касса машинасы кассалық машиналар тізілімінен алып тасталған;

5) бақылау-касса машинасының техникалық ақауы жоқ моделі бақылау-касса машинасының жаңа моделіне ауыстырылған;

6) бақылау-касса машинасы ұрланған, жоғалған жағдайларда, ұрланғаны туралы ішкі істер органдарында арыздың көшірмесі және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланған жоғалғаны туралы хабарландырудың көшірмесі болған кезде жүргізіледі.

5

Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша:

1) фискалдық деректердің әлеуетті операторына қойылатын біліктілік талаптарын;

2) фискалдық деректер операторын тізбеге енгізу және тізбеден шығару тәртібін;

3) фискалдық деректер операторларының тізбесін белгілейді.

6

Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен және Ұлттық Банкпен келісу бойынша:

1) үш құрауышты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптарды;

2) оны орнату және қолдану тәртібін белгілейді.

Менің жазбаларым

Жазбаларды тек сіз көресіз. Әзірге олар осы браузерде сақталады.

Ақпарат мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz). Мәтін редакциясы: 01.07.2026.

Бухгалтерге арналған түсініктеме · Buhpracticum

Осы баптың практикалық талдауын — не өзгерді, кімге қатысты және 1С-те не істеу керек — Buhpracticum курстарында қарастырамыз.

Курста толығырақ

Ақпарат көзі: баптардың мәтіндері мына сайттан алынды: «Әділет» ҰЦҚЖ (adilet.zan.kz) — ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Кодексі, 01.07.2026 редакциясы. Buhpracticum сайты ресми жариялау көзі болып табылмайды. Заңды маңызы бар әрекеттер үшін ресми мәтінмен салыстырыңыз.

Бухгалтерге арналған түсініктемелер мен безендіру — © Buhpracticum.